Жыр дүлдүлі, ақиық ақын, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне орай Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы Жамбыл облыстық әкімдігінің білім басқармасының «Саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатымен бірлесіп «Мәңгі өлмес жырыменен із қалдырған..» атты поэзиялық әдеби кеш өтті.
Жас оқырмандарымызды өлеңдерінің мазмұнын терең ұғындыру, ақын шығармалары арқылы елін, туған жерін, Отанын сүйе білуге, адамгершілікке, мейірімділікке, ақынжандылыққа тәрбиелеу сондай-ақ, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ақын өлеңдерін сүйе білуге үйрету мақсатында өткен кешке оқу залы «Жыр дүлділі – Мұқағали» атты кітап көрмесін ұсынды. Кітапханашы ақиық ақынның өмірінен мағлұмат беріп, шығармашылығына шолу жасап, поэмаларына қысқаша тоқталып өтіп, көрмені жалпы ашып көрсетті. Одан әрі оқушыларды мектеп тәрбиешісі слайд арқылы ақынның еліне саяхатқа шақырды. Ал балалар ақын жырларынан үзінді оқып қана қоймай ақынның сөзіне жазылған махаббат диалогы «Егіз лебіз» әнін, «Айтатын саған сырым бұл» әндерін қол қимыл өнерімен орындады. Кеш соңында ақынға тағзым, ақынды еске алу ретінде «Есіңе мені алғайсың» әні барша қатысушылармен бірге шырқалды.