«Бір ел – бір кітап» акциясы – 2017. Жыл кітабы таңдалды.
Қазақстанда республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясы бойынша ұйымдастыру комиссиясының отырысында жыл кітабы болып Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалды.
Өмірбаяны
Торайғыров Сұлтанмахмұт– қазақ ақыны, ағартушы, қоғам қайраткері, ойшыл. Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. Торайғыровтың 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болды. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанды. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молданың қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болды.
XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, қазақ, жеріндегі өзгерістерге өзінің азаматтық, ақындық үнін қосқан талантты қазақ ақындарының бірі — Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ақын өмір сүрген тарихи кезең патшалық Ресей жеріндегі алапат сілкіністер мен төңкерістер заманы еді. Сол себепті де Сұлтанмахмұттың ой-санасы ерте оянды. Жасынан жетімдік пен жоқшылықтың қиындығын көп көрген ол айналасына сергек қарады. Алдына биік-биік мақсаттар койды. Соған жетуді ойлады. Ілгері ұмтылды. Оқуға, білуге құштар болды. Мақсатын, жүрек қалауын қашанда ашық айтты:
Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,
Разымын, не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табамын деп көңілім сонда