Әйтеке бидің 370 жылдығына орай «Великий бий земли казахской» деген атпен тарихи портрет өткізілді. Іс-шараға №24 гимназияның 6-шы сынып оқушылары қатысты.
Әйтеке би қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары тиеді. Әйтеке би 25 жасынан бастап Кіші жүздің бас биі атанған. Ол орталықтандырылған біртұтас қазақ хандығын құру жолында белсене ат салысты. Төле және Қазыбек билермен бірге Тәуке ханнан Абылайға дейін қазақ мемлекеттігінің эстафетасын алып өткен секілді. Қазақ елінің үш жүзінің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі және халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді. «Жеті жарғыда» Әйтеке үсынған баптардың ішінде — "Сүйек құны", "Өнер құны" белгілі. Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Ол туралы аңыз әңгімелер мен жырлар да жеткілікті. Оның өмір жолы оқушыларға туған өлкені сүюге үйретеді. Оқушылар «Жеті жарғының» бірнеше баптарын қызығушылықпен оқыды. Сондай-ақ Әйтеке бидің біздің заманымызға дейін жеткен қанатты сөздерін талқылады.