Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында облыс бойынша алғашқы рет 2013 жылы маусымның 21-нен 22-не қараған түні белсенді оқырмандары мен қонақтарына арналған «Кітапхана түні – 2013» квест-шоуы «Кітап әлемінің сиқырлы түні» тақырыбы бойынша өткізілді. Бұл шараның ерекшелігі сол – сыйқырлы кезбелік, ертегілер әлеміне сапар шегу іспетті, 21-маусым күні сағат 19:30-да басталып, 23:00-де аяқталды.
Оқырмандар мен кітапхана қонақтары кітапхананың әдетте адам аяғы баспайтын қорық орындары бойынша қауіпті қызық оқиғаларға толы сапарға шығады. Сиқырлы сапарда қатысушыларымыз біраз әдеби туынды батырларымен және таң қаларлық тосын оқиғаларға толы қызықты кездесулермен бетпе-бет келді. Мәселен, Алтын балықпен, Алдар көсемен, Қызыл телпекті қызбен, Атай мен әжей, Күнкей қызбен кездесті. Кітапхана фойесінде «Балалар өрнектері» сурет көрмесі, «Кітаптар әлемі» кітап көрмесі және «Ертегі әлемінің буфеті» ұйымдастырылған.
Қатысушылар төрт топқа бөлінді, әрқайсының жеке жол бағыты бар. Түнгі уақыттағы құпия саяхат бойынша оқырмандар Түнгі кітап патшалығына дейін бірнеше аялдамаларда болып, далада жасырылған ертегіге қатысты заттарды тапты. Қонақтарды шулаған қалың топ арасында адасып кетпеу үшін «Кітап ханшасының» жолсерік уәзірлері қарсы алып, жол көрсетіп отырды. Түнгі ертегі елінде кітап сақтаушы және әр ертегі кейіпкерлері кездесіп, ертегі әлемінен түрлі сұрақтар қояды. Сұраққа дұрыс жауап берген команда мүшелері «Ой» теңгесін иеленіп, сапар арасында балалар өз білімімен тапқан «Ой» теңгеге буфеттен тәттілер, сусындар т.б. заттар алып мәз мирам болды. Соңғы «Кітап ханшасының сиқырлы балы» аялдамасында барлық команда Ханша тапсырмасы бойынша өз жобаларын қорғады. Кітап ханшасы «Ертегі шебері және ақылды кітап шығарушы» деген сертификатын табыс етті. Мереке түнгі би кешіне ұласып, оқырмандар керемет шаттыққа бөленді және тілек ағашына кітапхана түнінен алған қуаныштары мен тілектерін білдірді.