Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бердібек Соқпақбаев балалар бағының бағбаны» автор бенефисін ұйымдастырды.
Қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бенефисті Жанар, Қожа және Сұлтан образындағы кітапханашылар жүргізді. Кітапханашылар жазушының шығармашылық жолын балаларға өлең жазудан бастаған ол кейін прозалық шығармалары арқылы балалардың сүйікті жазушысына айналғанын, сондай-ақ балаларға арналған бірнеше сценарий, пьесса жазғанын да айтып өтті. «Ұста-групп Бүркітәлі» ЖШС мектебінің 2 «Б» сынып оқушысы Абдалимов Жайдар «Сарыжайлау» әнін орындап, «Бүркітәлі» бишілер тобы қазақ биін билеп ашты. Аталған мектептің 4 сынып оқушылары «Менің атым Қожа» шығармасының желісі бойынша түсірілген, қазақ кино өнерінің жауһарына айналған фильмнің үзінділерін көрініспен әсерлі етіп жеткізді.
Сондай-ақ бенефис барысында Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаяны таныстырылып, классиктің өміршең шығармалары әлі күнге дейін сұранысқа ие екені айтылып, арнайы жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалды.