«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні «Тәуелсіз елдің көшбасшысы» виртуалды кітап көрмесі ұсынылды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды.
Сайлауға қатысқандардың 98,78%-ы жақтап дауыс берді. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.
Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Осы орайда оқырмандардың жүрегіне еліне, жеріне, Отанына, Елбасына деген сүйіспеншілік сезімін ояту, Елбасымыз салған сара жолымен жүріп, ел үшін еңбек сіңіріп, қазақ елінің елеулі азаматы болу деген түйсік қалыптастыру, Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатқан Елін сүйген, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға, тәрбие алу мақсаты көзделді.