«Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте»
аудандық кітапхана оқырмандарының арасында өткен
жас зерттеушілер байқауы
Тарихи танымдық тұлғаларды құрметтеп, тағзым ету мақсатындағы өсіп келе жатқан жас ұрпақ өкілдерін өлке тарихын жете танып білуге құштарлығын күшейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» аудандық кітапхана оқырмандарының арасында өтетін жас зерттеушілердің байқауы ұйымдастырылды. Байқау ой-өрісі, қызығушылығы, білімге деген құмарлығы жоғары дамыған, өздігінен жұмыс жасай алатын, ынталы, төзімді, ізденімпаз 13-15 жас аралығындағы зерттеушілерге арналған. Әр қатысушы өз ауданынан шыққан, ел өркениетіне үлес қосқан танымал тұлғаны зерттеп, тұлғаның өмірбаяны, шығармашылығы, жеткен жетістіктері туралы мәлімет берді. Осыған орай Жуалы ауданының оқырманы Үркүмбай Нұрай - Б.Момышұлы, Сарысу ауданынан Аужан Ақбота - Пернебай Дүйсенбин, Құрманов Абылай – Асанәлі Әшімов, Байзақ ауданынан Жанатбекқызы Жұлдызай – Жанатбек Тұрғынбаев және Жамбыл ауданы Орынбасар Айгерім – Совет Әлімқұлов туралы зерттеу жұмыстарын ұсынды.
Жас зерттеушілердің жұмыстары әділ-қазылар алқасының отырысында талқыланып, тақырыпқа сай болуына, жаңа технология арқылы көркемделу ерекшелігіне, презентацияның дизайнына, тақырыпты жан-жақты ашылуына қарай бағаланды. Сонымен қатар қатысушының өзіндік даралығы мен жаңашылдығы, бірегейлігі мен ерекшелігі көзге алынды. Қазылар алқасын жазушы-драматург, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық қазақ драма театрының директоры Бекжанов Болат пен журналист, ақын Демешев Құрманғазы басқарды.
Байқау сонында зерттеу жұмыстары үздік танылған «Ең үздік зерттеуші» номинациясы бойынша Жуалы ауданының зерттеушісі Үркүмбай Нұрай, «Тақырыпты нақты ашқаны үшін» номинациясын Байзақ ауданынан Жанатбекқызы Жұлдызай иемденді, «Жұмыстың ең үздік презентациясы үшін» номинацияны Сарысу ауданынан Құрманов Абылай алып, бағалы сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
https://jobjk.kz/kz/neg/homepage-4/79-zha-aly-tar/1213-tarikhy-dy-tany-t-l-a-dy-rmette-audandy-kitapkhana-o-yrmandaryny-arasynda-tken-zhas-zertteushiler-baj-auy.html#sigProGalleriaea23a33558