Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» атты мерекелік кеш аясында ҰОС және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Ұлы Жеңістің 72 жылдығы және Ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай өткен шараны қалалық ардагерлер кеңесі мен аталған кітапхана ұжымы ұйымдастырды. Мерекелік кешке ҰОС ардагерлері Зоя Мамедова, Анастасия Передереева, тыл ардагері Людмила Ералиева, Құрметті теміржолшы, батыр ана Бибісара Жаңабаева, көп балалы ана, зейнеткер Тұрсынай Бекмұсаева және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Жиынның құрметті қонақтары әуелі «Ұлы Жеңіске мың тағзым!» атты кітап көрмесін тамашалады. Онда соғыс жылдарында жазылған кітаптар, Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері қойылыпты. Бұдан соң олар «Ардагерлер – асыл жандар» деп аталатын сурет көрмесінде болды. Көрмеде жас жеткіншектердің қылқаламынан шыққан соғыс тақырыбындағы туындылары орын теуіпті. Елдің асыл аналары атанған қариялар өнер туындыларының авторларына ақ батасын берді. Шарада қонақтарға арнайы мерекелік дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Үстел басында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов кештің маңыздылығы соғыс және тыл ардагерлері мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, жастарға ардагерлердің еңбектерін үлгі етіп насихаттау екенін түсіндірді. Сондай-ақ ол ҰОС және тыл ардагерлерін Жеңістің 72 жылдығымен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Бүгінгі кеш Ұлы Отан соғысының 72 жылдығы мен Ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына арналып отыр. Жалпы қай кез болмасын ардагерлердің еңбегі бағалы. Себебі олардың жүріп өткен жолы мен атқарған жұмысы өлшеусіз. Оның ішінде ҰОС және тыл ардагерлерінің орны айрықша. Олардың еңбегі мен өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан олардың ерліктерін жастарға насихаттау – бүгінгі толқынның міндеті, – деген Алдиярбек Түсіпов ардагерлерге сый-сияпат жасап, гүл шоқтарын табыс етті. Кездесуге келген ардагерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді. Естеліктерін айтты. Мәселен, шараға қонақ болып келген Зоя Мамедова 1925 жылы Баку қаласында дүниеге келіпті. 1941 жылдың тамыз айында 16 жасында өз еркімен соғыс майданына аттанған. Солтүстік Кавказ майданының 383-ші атқыштар дивизиясы 696-шы атқыштар полкінде медбике, кейінірек аға медбике болыпты. Соғыс жылдарындағы еңбектері бағаланып, І және ІІ дәрежелі ҰОС ордендерімен, сондай-ақ көптеген жауынгерлік медальдарымен марапатталған. Бүгінде Зоя Әлиқызы кіндігінен тараған ұлынан өсіп отырған ұрпағының асыл әжесі. Жиында ол соғыстың қайталанбауын тілеп, қазіргі бейбіт заманның қадірін түсінуге шақырды.
Кеште ардагерлердің құрметіне облыстық филармония әншілері концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ән-жырдан шашу шашты.
Сейдуалиев Ш. Құрметке бөленді [Мәтін] / Ш.Сейдуалиев.
// Жамбыл-Тараз.-2017.- 26 сәуір (№17).-10 б.