Назы мен сазы үйлескен әсерлі кешті аталмыш кітапхананың мерзімді басылымдар секторының меңгерушісі Анар Дүйсенова мен кітапханашы Анар Сүгірбаева жүргізіп және ұйымдастырды. Оған «Әйел және экономика» секциясы басшысының орынбасары және «Асыл бала» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты,
«Good maker» ЖШС – нің басшысы Әмина Қайназарова және «Әйел және отбасы» секциясының мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор – бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп – гимназиясының кітапхана меңгерушісі Гүлсара Жұмабекова мен кітапханашы Майра Ақбаева атсалысты, №49 орта мектеп үйірмесінің жетекшісі Сухраб Қоспақовтың «Мереке» күйімен түрілді.
Асыл жар, аяулы ана, келісті келін атанып, жеке өмірі мен қызметін қатар атқарып, ақ бесігін тербете жүріп, туған жері үшін еңбек етуден аянбаған нәзік жандылардың назы мен сазы үйлесім табуының құпясын білу мақсатында алғашқы сөз Әмина Қайназароваға берілді:
-16 жыл бұрын М.Х. Дулати атындағы ТарМУ – дың «қаржы және несие» мамандығын тәмамдадым. Алғашқы он жылда өз мамандығым бойынша банкте қызмет еттім. Сол жылдары «өз ісімді бастасам қалай болады» деген ой үстінде жүрдім. Кейін өз кәсібімді алақандай бір бөлмеде, бір ғана компьютермен бастадым. Әрине қиын болды. Бірақ әлденені басынан бастау, алғашқы қадам жасау одан қиын екенін ұқтым. Бастаған ісімді аяқсыз тастамау мақсатында көп еңбек еттім. Барлық нәрсенің шешімі бар. Өз ісін сүйген адам барлық жетістікке қол жеткізе алады. Бойдағы қорқынышты жеңген адам, алдына қойған мақсатына ұмтылып, биікке көтеріледі. Сондықтан маңыздысы – бойдағы қорқынышты жеңіп, тек алға қадам басу, - деді Әмина Рысбекқызы.
Нәзік жандылардың өмірінен өрілген кеште Эльмира Иниятқызы барлық жетістікке білім жетелейтінін, сондықтан балалардың бос уақытын әлеуметтік желіге емес, кітаппен дос болуға арнағаны тиімді екенін тілге тиек етті.
- Кітапханамен үшін құтхана. Әлемге әйгілі «Apple» компанясын құрушы, өнертапқыш, ең бай адам Стив Джобстың: «Кедейлердің үйінде үлкен телевизор болады. Ал байлардың үйінде үлкен кітапхана болады.» деген сөзді де білімнің өмір бұлағы екенін айғақтап тұр. Біз кітаппен есейдік, кітап арқылы жетістікке жеттік, – деді. Эльмира Иниятқызы.
Тағылымы мол, танымы терең сырлы кешті өнерлі жеткіншектер ән-күймен өрнектеп ажарын аша түсті. №49 мектептің оқушылары Назерке Ахметова, Алина Сейітханова, Аруна Қойжан, Әсемай Манаповалармен қатар аталмыш кітапхана ұжымының атынан Нүргүл Сағатова «Әйел бақыты» әнін тарту етіп тамылжыта шырқады. Ал Жамбыл медицина колледжінің студенті Гүлсана Сайлаубек мың бұрала билеп көрермендер көзайымына айналды. Кеш барысында сондай-ақ «Әйел – тіршіліктің тірегі» атты көрмеге библиографиялық шолу жасалды. Кітапхана директорының орынбасары Жанат Айтжанова мәні мен маңызы үйлескен отырысты қорытындылап, кеш барысында өнер көрсетіп, көңілді өтуіне ат салысқандарға Алғыс хаттар тапсырды.
Жанұя бақыты ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп, «атқа қонған» аруларымызға арналған кездесу әрбір істің жеңісі еңбекпен еселенген өмірдің нәтижесі екенін тағы бір дәлелдеп берді.
Диляра ДАРХАН Жамбыл-Тараз.-04.05.2016 (№18).