Жас зерттеушілер жарады
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты облыстық жас оқырман зерттеушілердің байқауы өтті.
Сайыс шарты бойынша әр қатысушы өз ауданынан шыңқан, ел өркениетіне үлес қосқан танымал түлғаны зерттеуі тиіс. Жуалы ауданының оқырманы Нұрай Үркүмбай батыр Бауыржан Момышұлының, Сарысу ауданының қатысушысы Ақбота Аужан жазушы Пернебай Дүйсенбиннің, Абылай Құрманов актер Асанәлі Әшімовтің, Байзақ ауданынан Жұлдызай Жанатбекқызы ақын Жанатбек Тұрғынбаевтің және Жамбыл ауданының үміткері Айгерім Орынбасар ақын Совет Әлімқұловтың еңбектері туралы зерттеу жұмыстарын ұсынды. Жас зерттеушілердің жұмыстарын жазушы- драматург, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов пен журналист, ақын Құрманғазы Демешев бағалады. Оқушылардың еңбектері қазылар алқасының отырысында талқыланып, тақырыпқа сай болуына, жаңа технология арқылы көркемделу ерекшелігіне, презентацияның дизайнына, тақырыптың жан-жақты ашылуына қарай сараланды. Байқау соңында «Ең үздік зерттеуші» номинациясы бойынша Жуалы ауданының зерттеушісі Нұрай Үркүмбай марапатталды. «Тақырыпты нақты ашқаны үшін» номинациясын Байзақ ауданының оқушысы Жұлдызай Жанатбекқызы иеленсе, Сарысу ауданының жас зерттеушісі Абылай Құрмановқа «Жұмыстың ең үздік презентациясы үшін» номинациясы бұйырды. Жүлдегерлерге мақтау қағаз бен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жас зерттеушілер жарады [Мәтін] // Арай.- 2018.-13 желтоқсан (№50).- 16 б.