ӘЛЕМДІ КІТАП АРҚЫЛЫ ТАНИМЫН
балалар жазушысы Сұлтан Қалиевтың шығармалары насихатталды
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті акын Сұлтан Қалиев шығармаларын балалар тақырыбына арнаған ғажайып суреткер еді. Бірер ай бұрын дүниеден озған жерлесіміздің артында қалдырған мұрасы - шығармалары. Ол Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң мектепте мұғалім, Қазақ радиосының балалар, музыка редакциясының редакторы, аға редакторы, республикалық «Балдырған» журналының жауапты хатшысы, республикалық «Ұлан» газетінің ұзақ жыл бас редакторы қызметтерін абыройлы атқарып, жасөспірімдер шығармашылыгының адал сардары болды.
Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен аталған кітапхананың мәжіліс залында «Әлемді кітап арқылы танимын» тақырыбында жасөспірімдер арасында Сұлтан Қалиев оқулары облыстық байқауы тұңғыш рет өткізілді. Шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысынын орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп ашып, С.Қалиевтың шығармашылығы мен еңбек жолына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Жиналғандар жақында өмірден озған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны, Сұлтан Қалиевты бір минут үнсіздікпен еске алды. Шараға арнайы келген қонақтар, С.Қалиевтың інісі Жарқынбек Айдар, қарындасы Тұрғанай Мейірманқұлова, нағашысы Кәрібай Есенаманов каламгердің адамгершілік, ізгі қасиеттері туралы естеліктер айтты.
«Сұлтан Қалиев оқулары» байқауы таныстыру, ақынның өлеңдерін жатқа оқу немесе сахналық қойылым көрсету, экраннан көрсетілген тарихи орындардың атауын табу, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұраққа жауап беру сынды кезеңдерден құралды. Байқауға Тараз қаласынан және аудандардан 7-10 жас аралығындағы, 10-15 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Балалардың барлығы да жақсы дайындықпен келіпті. С.Қалиевтың өлеңдерін жатқа оқу сәттерінен сүрінбей өтті. Байқау барысында ақынның «Бәсіре», «Қоян неге қорқақ?», «Аққала», «Палау», «Солдат хаты», «Атай», «Сәлем саған мектебім» атты өлеңдері оқылды. Алайда кейбір қатысушылар тарихи жерлердің атауын жаңылмай айту, сұраққа жауап беру сындарында мүдіріп, «әттеген-ай» дегізді.
Қазылар алқасының шешімімен үлкен топта бірінші орынды жуалылық Меруерт Кари иеленсе, екінші жүлдені Жамбыл ауданының үміткері Махаббат Алипчеева мен байзақтық Венера Мырзақұлова өзара бөлісті. Жүлделі үшінші орын шулық Минура Сатыбалдиеваға бұйырды. Бұл жерде кұландық Құралай Тұғылшиева мен таластық Талшын Бестерек жүлдеге лайық өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Кіші топта таластық Бейбіт Алина жеңімпаз атанса, меркілік Диас Бақытжанға жүлделі екінші орын берілді. Сарысулық Мадина Мәжит, жамбылдық Инсан Разбай жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова мен ақын, қазылар алқасының төрағасы Бақытжан Әлімқұлов марапаттап, диплом және қаржылай сыйлық тапсырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар әдебиетінің бағбаны Сұлтан Қалиев оқулары енді жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын таба бермек.
Досалы Е. Әлемді кітап арқылы танимын [Мәтін]: балалар жазушысы Сұлтан Қалиевтың шығармалары насихатталды / Е.Досалы // Ақ жол.- 2018. – 16 қазан (№120).-5 б.