«Қаламгерді еске алды»
Халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық бөлімшесі мен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бірлесіп, «Болашақтан орнын тапқан ақын» деген тақырыппен Арғынбай Бекбосынды еске алу шарасын өткізді. Жиында өңірімізге белгілі зиялылар, ардагерлер әуелі А.Бекбосынның шығармаларына арналған кітап бұрышын тамашалады.
Мұнан соң жиынды Халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы Амангелді Кәрентаев сөз сөйлеп ашып, жұрт ардақтаған Арғынбайдың қаламгерлік, азаматтық болмысына тоқталды. Кейін облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, жазушының шәкірті Жаңабай Миллионов «Қайраткер. Қаламгер. Азамат» тақырыбында баяндама жасады. Ж.Миллионов Арғынбай ағасымен қызметтес болған жылдардан естелік айтып, ұстазының бас редакторлық, басқарушылық, ұйымдастырушылық қырларына кеңінен тоқталды. Сол кезде облыстық бас газеттің таралымы 26 мыңнан 50 мың данаға көбейгендігі бас редактор А.Бекбосынның жан-жақты шеберлігі екенін атап өтті. Жиында облыстың Құрметті азаматтары Жандар Кәрібаев, Саттар Жанәбілов, Еркінбек Солтыбаев, Нәрен Сейдуалиев, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемал Беспаев сөз сейлеп, Арғынбайдың азаматтығы мен парасаттылығын кеңінен қозғады. Көпшілік Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған Дүйсенәлі Бықыбаевтың әні «Мэлстің соңғы әнін» тыңдады.
Ақын Үміт Битенова Арағамен қоштасу сәтінде шығарған өлеңін көпшілікке тебірене оқып берді. Содан кейін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы Ғалымбек Жәпек қаламгердің рухына құран бағыштады.
Жиынды Амангелді Кәрентаев қорытындылап, алдағы уақытта Арағаға арналған екінші кітап жарық көретінін, жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, Байзақ ауданында өзінің ықпалымен салынған орта мектепке
есімін беру көзделіп отырғанын айтты.
Досалы Е. Қаламгерді еске алды [Мәтін] / Е.Досалы // Ақ жол.- 2018. – 19 маусым (№70).-6 б.