«Дін төңірегіндегі әңгіме»
Бүгінде жастарымыздың діни сауатын арттыру үшін қоғам жұмыла жұмыс жасауда. Осы орайда Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Дін және жастар» тақырыбында сала мамандарымен кездесу өткізді.
Діни экстремизм мен терроризм терминдерінің белгілерін, таралу себептерін, алдын алудың бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін ұғындыруды мақсат еткен шараға «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстазы Амангелді Ембергенов қатысып, асыл дін төңірегінде ой қозғады.
– Дінді үйренуіміз қажет, бірақ кімнен діни сауат ашып жатқанымызға мұқият болуымыз керек. Бірінші кезекте мешіттегі имамдардан немесе медресенің ұстаздарынан үйренген жөн болады. Ал енді іштеріңізде діни бағытта оқимын деген ниеттеріңіз болса, Білім министрлігі тарапынан арнайы рұқсатпен ашылған медреселер де бар. Құранда «қандайда бір кісі біреуді өлтірсе, ол әлемдегі бүкіл адамды өлтіргенмен тең, ал кімде-кім бір адамның тірі қалуына себепкер болса, онда ол әлемдегі бүкіл адамдардың тірі қалғанына себепкер болғанмен тең» делінген. Қазіргі таңда теріс діни ағымдар көбейіп кетті. Экстремизм бағытындағы адамдар елімізге де, болашағымызға да қауіпті, – дейді медресе өкілі. Келелі кездесуде жастар да сала маманына сақал қойып, хиджаб кию мен тұтастай қара жамылып киіну әдебі жайында сұрақтар жолдап, мол мәлімет алды. Сондай-ақ облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Бахтияр Қаржаубайұлы да жастар санасына сілкініс салар әңгімелерін ортаға салды.
Шәмші А. Дін төңірегіндегі әңгіме [Мәтін] / А.Шәмші // JAMBYL-TARAZ.- 2018. – 15 маусым (№49).-8 б.