«Артық білім кітапта»
Жаһандану дәуірімен бірге қоғамдық қатынастардың барлық саласына компьютердің дендеп еніп жатқандығы жасырын емес. Бұл-уақыт талабы. Бірақ, теледидар да, ғаламтор да қазыналы кітаптың орнын алмастыра алған жоқ. Кітап өзінің әу бастағы туғырында қала береді. Қай кезде де адам тұрақты теледидар қараушы немесе белсенді ғаламтор қолданушысы болып келуі мүмкін. Алайда, оның жан дүниесінде рухани тұрғыдан жұтаңдық бірден байқалуы ғажап емес. Мұның жалғыз себебі оның нашар оқырман екендігінде. Себебі, кітап – қазыналы рухани байлықтың қайнар көзі. Ол – бұқара халық үшін ғасырдан ғасырға қызмет етіп келе жатқан ғылым мен білімнің, құдіретті сөз өнерінің өміршең туындысы.
Уақыт тұрғысынан алғанда кітап ғаламтордан ұтылуы мүмкін, бірақ адамға дайын ақпараттарды ұсынушы емес, терең тағылым мен білімге, өзіндік ойлауға, сезінуге үйрете отырып, тәлім береді. Адамды ізденімпаздыққа жетелейді, ой-өрісін ұштайды. Сонымен бірге өскелең ұрпақты, қажет десеңіз ересек оқырмандардың өзін шешендік өнерге баулиды. Өйткені, ол – тіл байлығын қалыптастырушы құрал. Сондықтан оның тәлім-тәрбиелік, имани құндылықтарды адам бойына сіңіре алатындай қасиеті теледидар мен интернеттен әлдеқайда жоғары тұратыны, ешқашан мән-маңызын жоймайтыны анық.
Бүгінде өскелең ұрпақтың кітап оқуға құштарлығының артып келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен, Жамбыл облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына келушілер саны 2016 жылы 55 126 оқырманды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 55 744-ке жетіп отыр. Бұл жердегі біздің басты мақсатымыз - қасаң сандарға жүгіну емес. Соңғы кездері оқырмандарымыздың артып кемел келешекке жетелейтін жолды кітаптан іздеушілердің көбейгеніне тоқталып, одан әрі көбеюіне ықпал ету.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұрпақтар сабақтастығы бағытында айтылған ұлағатты сөзінде «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәрбиесіне жүгіну, Тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен алатын заңды құбылыс. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр», - деген болатын. Шынында да, жаһандану заманында халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесін, рухани құндылықтарын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ойына дарыту, бұл ұлттық патриотизмді өрістетіп, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танып-білуге септігін тигізері анық. Ал, осы құндылықтардың жинақталатын орны, рухани ошағы – кітапхана екені белгілі.
Руханият ордасына айналған кітапханамыз жыл сайын облыс оқырмандарына мүлтіксіз қызмет жасап келеді. Облысымыздың барлық аудандық, ауылдық кітапханаларына әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Кітапханашы этикасы», «Жоспарлау және есеп», «Кітапхана құжаттары», «Көпшілік іс-шараларының түрлері», «Кітап көрмесінің жаңа түрлері», «Анықтамалық-ақпараттық қор», «Библиографиялық анықтамаларды орындау», «Өлкетану жұмысы», «Каталогтар, картотекалар жүйесі», «Кітап қорын толықтыруды ұйымдастыру» тақырыптарында теориялық және тәжірибелік сағаттар жүйелі ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, кітапхана – мемлекеттік саясатты қолдаушы бірден-бір мекеме болғандықтан, Елбасы Жолдауларын, узақ мерзімді даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының мәдени-саясатының тұжырымдамасын негізге ала отырып, өскелең ұрпақтың бойында жоғары патриоттық сананы қалыптастыру, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.
Мәселен, ауқымды іс-шаралар қатарында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қазақтың көрнекті ақыны Ескен Елубаевтың 75 жылдығына орай «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауы өткізілді. Сондай-ақ, «100 кітап» жобасы негізінде «Туған жер-туған ел», «Бір кітапты бір мерзімде оқу», «Көркем сөз жұлдыздары» атты тағылым-тәрбиеге толы кештер уйымдастырылды.
Кітапхана ұжымы өз ұстанымынан ешқашан айныған емес. Бұл тұрғыда біз Д.А.Қонаев есімін ұлағат тұта отырып, өскелең урпаққа қызмет ете беретін боламыз.
«Кітапсыз үй жансыз дене тәрізді» деп Цицерон айтқандай, онсыз білімді, тасы өрге домалаған өркениетті қоғамды елестету мүмкін емес. Сондықтан жамбылдық жас оқырмандарды ақыл-ойға қуат беретін кітаппен абзал дос болуға, Болашағы жарқын Мәңгілік еліміздің іргетасын іліммен, біліммен берік етіп қалауға шақырамын.
Іңкәрбекова Г. Артық білім - кітапта [Мәтін] / Г. Іңкәрбекова // Арай.- 2018.-01 наурыз (№9).- 12 б.