Алтынбек салған саздар қандай!
Биыл күллі қазақ даласын әсем әндерімен тербеген, саз әлеміне өзіндік орны бар, өнер қайраткері, жерлесіміз Алтынбек Қоразбаев жеті белден асып, 70 жасқа жетіп отыр. Ол елімізге Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серік, Алма Аманжолова сынды ән әлемінің тарландарын тәрбиелеп, томағасын сыпырып, сыйлағанымен ерекше.
Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атағын иеленген өнер иесінің шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Ән-жырым саған, таған жер!» деген тақырыпта өнер кеші өтті. Айтулы шараға Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 және Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияларының оқушы-оқырмандары қатысты.
Аталған өнер думаны №33 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Жамбыл Баймахановтың баянның сүйемелдеуімен орындалған Алтынбек Қоразбаевтың «Ақ дегелек» әнімен басталды. Көрермендердің құлақ құрышын қандыра орындаған әнінен кейін, өнерпаз ұстаз меркілік әйгілі сазгердің шығармашылығына кеңінен тоқталды. Алтекеңнің сыршыл жүрегінен туған «Сырғалым», «Қайт, қазақ еліңе», «Қара шал», «Қара кемпір», «Қара бала», «Қара пима» әндерінің қалай туғандығы туралы қызықты деректер айтып берді. Кеш барысында жас өнерпаз Әли Нұржан қоңыр домбырасымен күмбірлете күй тартты.
Облыстық филормония әртісі, «Ән жырым саған, туған жер!» атты республикалық байқаудың жеңімпазы Жанна Асанқұлованың арнайы қонақ болып қатысуы бұл кештің көркін аша түсті. Ол композитордың «Елге сәлем», «Қазақстаным» әндерін мәніне келтіре орындады.
Кештің жүргізушісі Маржан Төрежанова Алтынбек Қоразбаевтың елге танымал шәкірттері жайында айтып берді.
Шара соңында «Халық композиторы – Алтынбек» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Алтынбек салған саздар қандай! [Мәтін]: «Ғұмыр-дария»-Ақпарат. // Ғұмырдария.-2018.-8 ақпан (№3).-5 б.