Керек сабақ
Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен азаматтық қорғаныс бойынша сабақ өтті.
Оған облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының полковнигі Бақытжан Құлмағанбетов пен кітапхана ұжымы қатысты. Кітапхана директорының орынбасары Жанат Айтжанова азаматтық қорғаныс туралы мағлұмат беріп өтті. Ал Бақытжан Аманұлы төтенше жағдайлар жайында ақпараттандырды.
Азаматтық қорғаныс – халықты, республика аумағын осы заманғы зақымдағыш құралдарының зақымдау факторларынан, сондай-ақ зілзаладан, ірі апаттан қорғау мақсатындағы жалпымемлекеттік шара. Біз осы мақсатта, яғни төтенше жағдайларға байланысты екі жоспар дайындаймыз: бейбіт және соғыс кезеңіне. Бұл жоспарлар халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Жоспар бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ төтенше жағдай орын алғанда тұрғындар 112 бірыңғай нөміріне хабарласа алады. Осы бағытта 2016 жылы 505 мың қоңырау түскен. Соның 358 мыңы жасөспірімдердің ойыны. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар бұл мәселе жөнінде балаларға түсіндіргені жөн, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының полковнигі Бақытжан Құлмағанбетов. Сондай-ақ ол халық тарапынан орын алып жататын түсінбеушіліктерге де тоқталды. «Мысалы, өрт болды делік. Мұндай кезде халық көбіне өрт сөндірушілерге кешікті немесе сусыз келді деп кінә артып жатады. Негізі өрт сөндіру көлігі қысы-жазы сумен толып тұрады. Ал кешігуге келер болсақ, мұндай жағдайға өрт сөндірушілерді кінәлауға болмайды. Себебі орталыққа қоңырау қалай түседі, солай қызметкерлер де жылдам аттанады. Кешігуге көбіне жол кептелістері мен көлік жүргізушілерінің жол бермеуі себеп» – деген Бақытжан Аманұлы азаматтық қорғаныс бойынша жүргізілген жұмыстарды тілге тиек етті.
Сонымен қатар әлемдегі болған түрлі зілзалалар – жер сілкінісі, сел жүру, қар көшкіні және олардан келтірілген зардаптар жайында бейнероликтер көрсетіліп, мұндай жағдайларда өзін-өзі қорғау, қасындағы зардап шеккен адамдарға көмектесу жолдарын түсіндірді.
Нұрман А. Керек сабақ [Мәтін] /А. Нұрман. // Жамбыл-Тараз.- 2017.- 17 мамыр (№20).- 19 б.