2013 жылы Республикамыздың оқырмандары Фариза Оңғарсынованың «Дауа» таңдады
21 ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2013 жылы халық жаппай оқитын кітапты таңдау үшін «бір ел – бір кітап» акциясының ұйымдастыру комитетінің отырысы болып өтті. Ол акцияның ұйымдастыру комитетінің төрағасының орынбасары, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың жетекшілік етуімен өтті.
Талқылауға ұйымдастыру комитетінің мүшелері – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Л.Н.Гумилев атындағы университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ЕҰУ «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры Амантай Шәрәп, аудармашы-жазушы, Мәдениет қайраткері Ақайдыр Ысымұлы, Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Гүлжамерия Қазина, жазушы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты айгүл Кемелбаева, ақын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы қатысты.
Мәжіліс қатысушыларына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Назарбаев орталығының кітапханасы, Облыстық әмбебап кітапханалар, Астана қаласының Орталықтандаралған кітапханалар жүйесі. С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы, Жамбыл атныдағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапханасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша іріктелген авторлар тізімі ұсынылды. Тізімге Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы, Сәкен Сейфуллин поэзиясы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері, Мұқағали Мақатаевтың лирикасы, Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның» атты прозалық шығармалары, Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері»романы, Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы. Әбдіжәмәл Нұрпейісовтың «Қан мен тер»трилогиясы енген еді. Талқылау барысында қазақ әдебиетінің классикалық шығармасы ретінде оқылуға лайық осынау әрбір шығарманың құндылықтары туралы айтылды. Алайда ұйымдастыру комитеті мүшелерінің көпшілігі өз дауыстарын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясы үшін берді. Акцияның кітабы ретінде ақынның «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы ұсынылды.
Бүгінде Фариза Оңғарсынова Қазақстанның ең көп оқылатын авторы болып саналады. Оның шығармашылығының негізігі тақырыптары – сүйіспеншілік пен жек көрушілік, арлық пен қорқақтық, жақсылық пен жамандық. Өзінің көптеген өлеңдерін ақын туған ауылына, жерлестеріне және бүкіл қазақстандықтарға арнады. Фариза Оңғарсынованың шығармаларына әлеуметтік пен азаматтық тән, ақын жырлары отансүйгіштік рухты оятып, туған халқын сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақырады. Фариза Оңғарсынова әлі күнге қазақстандық поэзияның дамуына өз үлесін қосуда: ол «Тұмар» атты республикалық-көркем журналдың бас редакторы болып табылады, сонымен қатар жас талантты әдебиетшілерді қолдайды.
Фариза Оңғарсынова
Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 5-желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен.
1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері. 1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді. Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Лирикалары. Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады. Ақын – өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.
Көңілді, жайлы күнімді, Азапты қайғы мұңымды Өзімменен бөліскенің үшін, Қатем мен жеңістерім үшін, Менің мынау қиындау тағдырым болып О, баста көріскенің үшін Өлең, мен сені аялап өтем! - деп толғайды. "Асау толқын" атты өлеңінде: Тағдырыңды сенің тапсырдым сенімді ұрпаққа Көз нұрың, болашағыңда – сол түбінде, елім Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан – бар үміт сенде.
О, асау толқыным менің! – деген жолдардан ақынның жастарға үлкен сеніммен, үмітпен қарайтыны анық байқалады. Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры. Әйел – Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", – дей келе:
Өз-өзіммен өртеніп барам жанып, Жүректен жас ағады тарамданып. Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса, Ақтарылар алдыңда саған барып. Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, – деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді. Енді бірде ақын:
Мезгіл бұршақ жаныңа салып таңба, Қайратыңнан қайысып, налып қалма, Сені іздейтін аға бар тарыққанда, Інілер бар дем берер жабыққанға. Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың, Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда, – дейді.
Демек, азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықта көрінеді.
Мен даланың қызы едім, Жазығында жатпайтын көз ілер қара. Жазира менің жанымның өзі де дара. Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді.
Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, – деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр. Сондай-ақ , ақынның биік арманы анық көрінеді. Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз. Туған жер, Отан-Ананы нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен өрнектейді.
Туған жерге сағыныш. О, туған жер, кең пейіл құшағың кең, Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен. Сағынышымды қанат қып саған қарай
Балапандай талпынып ұшамын мен, – немесе: "Сені қалай сүю керектігін мен ешқандай кітаптан оқымадым", – деп, туған жерге деген өзінің сағынышын, ерекше сезімін жырғып шынайы суреттейді. Ал:
Далам менің – қазынам, жыр сандығым, Жыр нәрімен жер балқып, босанды құм. Сортан жердің тұзы бар тамырымда
Ақшылтымдау сондықтан жусан жырым, – деген жолдардағы сезімі ерекше. Фаризаның өз сөзімен айтқанда, "өнер де, өмірдің өзі сияқты, ылғи қуаныш пен шаттықтан тұрмайтыны белгілі". Сондықтан да болар, Фариза:
Менің жырым – Құштарлық қысқан кеудемнен Бұрқырап жатқан бір жалын... – дейді.
Ағынан ақтарыла жырлау, ой-сезім тізгінін өлең жолында іріктей еркін ұстау – Фариза туындыларының өзекті қасиеті. "Атқа шапқан-бақыт деп женгелерім
Жұбатса да, жүрегім көнбей менің Алып ұшып тұра алмай бір орнымда "Бәйгесі құрсын, өзі аман келгей", – дедім...
Бұлай деп тек ана ғана бәйек бола алса керек. Ақын қыз соғыс зардабын, соғыстан оралмаған талай әкелер мен ағалардың, қыршын кеткен жастардың тағдырын айрықша бір сүйіспеншілікпен жырлайды. Солай біздер қоштастық балалықпен,
Біз күткенбіз әкені, ана күткен. Күту қиын, адам бұны ұқпаған, Солдат көрсем, әлі күн тұрып қалам, Әкем емес екен деп қадалып мен... –
немесе: Келеді, рас, Жеңістер қасіретпен, Құрбандықпен... талайдың шашы ағарып, – деген жолдарынан "Жеңіс күні" оңайлықпен келмегенін ашып айтады.
Табиғатты жырлау. Мұнда ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні, даусы анық байқалады. Ақынның "Жаз" деген өлеңі тұла бойы қолмен қашалып жасалған әдемі мүсінді көз алдына елестетеді. Сурет пен теңеу, өткір ойлар қосылып өрілгенде көз алдыңа ғажап дала бейнесі келеді. Жаздың ыстық жалынына төзе алмаған ерке бұлақ көрінісі – ғажап! Биік таудың басына ызғар, мұзы жатса да, төсінде қызыл ала қызғалдақтар жайқалып тұр. Бұл – әсем Алатаудың көз тоймас келбеті ғой!
Сұлулар барған сайға бұғып, Қарайды көлдің бетін айна қылып. Шіркін, жаз, жомартсың-ау базарлыққа, Бересің жан біткенге жайдарылық.
Адам жанына шуақ сеуіп, күлімдеп жүретін жандар болады. Осындай адамды жадыраған жаз мінезді адам дейді. Бұл жерде ақын жаз бен адамды салыстырып отыр.
Табиғат тірі. Оған мына бір жолдарды оқи отырып көз жеткіземіз: Бас иіп қырдың жасыл қияқтары Тұрғандай жаныңа әсем күй ақтарып. Көп-нәзік қырдың гүлі албырайды, Алғашқы балғын сезім сияқтанып. Күн шықты жанарыңнан нұр атылып, Құм жатыр бұйра жонда шұбатылып. Жартыкеш ай барады жаутаң қағып, Үйінен кеткен қыздай ұзатылып.
Анықтап көз салсақ, осы өлең жолдарында небір әдемі теңеулер, айшықтап суреттелген табиғат көрінісі бар. "Жарты-кеш ай ұзатылған қызға ұқсаса, қыр тәтті ұйқысын қимай қалғып қана тыныштық құшағында жатыр. Ал нәп-нәзік қырдың жұпар гүлі алғашқы балғын сезімге ұқсайды", – дейді ақын. Шынында мұндай тапқыр да сұлу тіркестерді тек Фариза ақын ғана таба алатын сияқты. Осылай еркелей жырлау Фаризаға тән секілді. Фариза өлеңдеріндегі табиғат тақырыбы ғажайып суреттерге толы. Жыр әлеміне құлаш ұрған ақын жырлары өз оқырмандарын қуанта берері сөзсіз