Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының абонемент секторының кітапханашысы М.А.Расулованың ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы № 49 мектеп-гимназиясының 5-6 сынып оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ы. Алтынсариннің туғанына – 175 жыл толуына орай «Дала жұлдызы-Ыбырай Алтынсарин » атты тақырыптық кеш өтті.
Алтынсарин екі түрлі ірі мәселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту – жалпы халық ағарту жұмысы да, екіншісі халықтың ой – санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оның барлық іс амалы мен бізге қалдырып кеткен мұраларына көз жүгіртсек амалсыз осы қорытындыға келеміз. Өзінің алғашқы адымында–ақ ол мектептің рөлін бірінші орынға қойды. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама –қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті. Біз, бүгінгі шарада ұлы ағартушы, тұңғыш қазақтың елінде мектеп ашқан, алғашқы ұстаз Ы. Алтынсариннің өмірбаянымен толық таныстырып, Ы.Алтынсариннің шығармаларына, ағартушының еңбектеріне тоқталып отырып, өзіндік ізін қалдырған, өскелең ұрпақтың еш есінен кетпестей ұстаздың жолын арнап өткендігін көріп, біліп, таныстырылды. Міне, осындай тәрбиелік мәні бар шарамыз арқылы оқушыларды әр істі ойланып ақылмен жасауға, кішіге қамқор болуға, ата - анасын сыйлап құрмет тұтуға, еңбекқор болуға шақырамыз. Іс-шара соңында «Шырағын жаққан білімнің» атты кітап көрмесіне кітапханашы шолу жасады. 21 оқырман қатысып, кітап көрмесіне 19 кітаптар қойылып, 11 кітап беріліп, кітапханаға 2 оқырман жазылды.