Қазір бізде «балалар кітап оқымайды» деген түсінік қалыптасқан. Бұны ащы да болса шындық ретінде қабылдауға тиістіміз. Дегенменде жақында қызмет бабында облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бүлдіршіндер секторының меңгерушісі Анар Дүйсеновамен әңгімелесу барысында шын мәнінде бүгінгі мектеп жасындағы балалардың жаппай кітап оқуға талпынысын байқағандай болдық. Бұл тақырыпқа алда кеңірек оралып көрерміз, басқа кітапханалардағы жағдайға зерделеу жүргізерміз. Ал енді, облыстық осы кітапханада бүлдіршіндердің кітап оқуға деген құштарлығы айқын байқалады.

 

         Бұл кітапхана – негізінен балалар мен жасөспірімдерге бағытталған руханят мекемесі. Балаларға қызмет жасайтын 8 сектор, 2 бөлім бар. Мұндағы тұрақты оқырмандарының саны 6225 кісіні құрайды екен. Ал енді, күнделікті келіп кететіндердің санын есепке алатын болсақ, оның жылдық көрсеткіші 55 мыңға жуықтайтын болып шықты. Бір күнде орта есеппен отызға жуық бүлдіршін кітапхана есігін ашады екен. Кей күндері бұл көрсеткіш 40-50-ге дейін баратын көрінеді. Бұлардың басым көпшілігі балалар екендігін ескерер болсақ, «Балаларымыз кітап оқымайды» деп ауызды құр шөппен сүртуге, сірә бола қоймас.

         Өткен аптада осы кітапханада қазақтың көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ескен Елубаевтың туғанына 75 жыл толуына орай өткізілген әдеби кеш балалардың әдебиет әлеміне деген шынай талпынысын тағы бір дәлелдеп берді. Осы кешке елуге жуық оқушы қатысып, олардың арасынан кітапхананың тұрақты оқырманы, 6-сынып оқушысы Әнуар Байтұрсын, №45 гимназияның оқушысы Ақнұр Мейірманова кездесу кешінде әдебиет туралы, оқыған кітаптары жайлы өз ойларын ортаға салып, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа соқты. Іс-шараға №33 орта мектептің мұғалімі Мира Смағамбетованың белсене қатысқандығын атап айтуға тиістіміз.

         Оқушылар Ескен Елубаевтың «Бір уыс бидай» атты әңгімесінің желісімен көрініс көрсетті. Кітапхананың жас оқырмандарының өнеріне жиналғандар риза болды. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, балаларымызды руханият әлеміне – кітап оқуға бет бұрғызуға жатпай-тұрмай әрекет жасағанымыз дұрыс. Кітап оқып өскен, әдебиетпен сусындап, нәр алған бала жаман болмайды. Сондықтан баланы жастайынан кітап оқуға бейімдесек олардың болашағына негіз қалаған болар едік.

 

Балалар кітап оқиды [Мәтін] Балалар кітап оқиды //

Ғұмырдария.-2017.-23 ақпан (№4).-4 б.