«Ақ кемеден» басталған арман

Д.Қонаев кітапханасында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесу өтті.

Әдебиет – ардың ісі. Әсіресе балаларды ізгі қасиеттерге тәрбиелеуде көркем шығарманың алатын орны ерекше. Балалардың мөлдір әлеміне жол табу – қиынның қиыны. Мұны ерте түсінген, бүлдіршіннің талғамына сай қалам тербеп, періште көңілдерге жол таба білген жазушының бірі – Көсемәлі Сәттібайұлы. Қаламгер биыл алпыс жастың асқарына шықты. осыған орай Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында балалар әдебиетінің бағбанымен кездесу өтті.

«Көркем сөздің Көсемі» атты кездесуді ақын Құрманғазы Демеш жүргізіп отырды. Шараға белгілі ақын, ғалымдар, кітапхана қызметкерлері, Тараздағы №8 гимназияның мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Әуелі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы К.Сәттібайұлы сөз алып, балалық шағынан сыр шертті. Ол бал күндерінің Талас ауданы, Амангелді ауылында өткенін, сол кездегі балалардың көпшілігі кітапқұмар болғанын айта келіп, бір күні түкпірде жатқан алақандай ауылға атақты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы желісімен түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмі келгенін әңгімеледі.

– Фильмнен қайтып келе жатқанымызда үш жас үлкендігі бар Серік Томанов (белгілі ақын): «Мұның кітабы киносынан да қызық», – дегені. Елең ете қалдым. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» туындысын дәл сол күні Серіктен алып оқыдым. Көркем әдебиетке деген қызығушылығым осылай оянды. Мектепте шағын буфет бар, оның бір бұрышында әдеби көркем кітаптар сатылады. Арасында Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» деген кітабы да бар. Төрт-бес күн бәлішке деген ақшамды жинап жүріп, «Ақ кемені» сатып алып, оқып тауыстым. Сөйтсем, Шорабек Айдаров (ол менен төрт жас үлкен): «Енді Шыңғыстың «Тау мен дала» кітабын оқы», – деді. Оны оқып, Шыңғыспен «ауырдым». Мектеп мұғалімі, ақын Есалы Қырықбаев ағайдан үйренгенім көп. Ол кісіге әлі өзімді қарыздар сезінемін. Жалпы, кішкентай Амангелді ауылынан Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Рафаэль Ниязбек, Ерғали Сағат, Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Шорабек Айдаров, Әбділдә Сәрсенбиев, Телғара Үсенбаев, Болат Бекжанов бастаған көптеген ақын-жазушы, журналист шыққан, – деп түйіндеді қаламгер өз сөзін.

Кездесу барысында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов жазушының «Елгезек Бағдаршам, Ток-қуат және басқалар» атты хикаяты осыдан 30 жыл бұрын республикалық бәйгеде екінші орын алғанын, Көсемәлінің көркем әдебиеттегі орнын Тынымбай Нұрмағанбетовпен, Мархабат Байғұтпен қатар қоятынын айтып, қаламгердің бас редакторлығымен шығып жатқан «Aq jol» газетінің әр нөмірі көркем, оқылымды, жаңашыл, жан-жақты екеніне тоқталды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Сәмен Құлбарақ сөз сөйлеп, жазушының «Хауа-Ананың көз жасы» туындысын Ш.Мұртазаның «41-жылғы келіншек» әңгімесімен салыстыра отырып жазған мақаласына тоқталып, екеуі екі кезеңнің оқиғасын жеріне жеткізіп бере білгенін айта келіп, жазушының «Жылқыбай жездемнің сақалы», «Классик те жылай ма екен?» әңгімелеріне талдау жасады. Аталған кітапхананың оқу залының меңгерушісі Фарида Метерқұлова жиналғандарды жазушы шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырып өтті. Ол жазушының «Ақылбайдың аты», «Шарбақтының жалғызы», «Шаншудың балконы» әңгімелерін, «Шың мен Шыңырау» эсселер жинағын кеңінен талдады. 

Гимназия оқушыларының жазушыға қойған сұрақтары да қызықты болды. Мәселен, Назым Есберген: «Жазушы мен журналистің айырмашылығы неде?» – десе, Диана Қапалбаева: «Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы сізге қалай әсер етті?», – деп сұрады. Лаура Амантаева: «Естеліктер жазасыз ба?», – деген сауалын жолдады. Ибрагим Тоқтасын болса, жазушы ағасының кімге еліктегенін білгісі келді. Жазушы балалардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, 1988 жылы республикалық әдеби байқауда екінші жүлдеге ие болып, ол сүйінші хабарды «Aq jol» газетінің сол кездегі бас редакторының бірінші орынбасары, белгілі балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаевтан естігенін, сол уақытта талабын байқаған бас редактор Арғынбай Бекбосын, бөлім меңгерушісі, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков қолдау білдіргенін, ал әлгі байқауға түскен шығармаларды бағалағанда туындысына Мұхтар Мағауин мен Қадыр Мырза-Әлі, Сейдахмет Бердіқұлов, Баққожа Мұқай қолдау көрсеткенін айтып, кездесуге келген қонақтарға, оқырмандарға, кітапхана ұжымына алғысын жеткізді. Мұнан соң кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова кездесуден балалардың, оқырмандардың үлкен әсер алғанын айтып, 60 жастың асқарына шыққан жазушыға зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.

Әсерлі кездесу ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың талантты інісі К.Сәттібайұлына арнап жазылған «Алтын қалам» өлеңімен түйінделді.

 

Досалы Е. «Ақ кемеден» басталған арман  [Мәтін] / Е.Досалы  // Ақ жол.- 2019.-14 ақпан (№17).- 8 б.