Мектептегі миллионерлер

Балаларды кітап оқуға шақыратын байқау басталды

 

Байқаудың мақсаты – Тараз қаласының кітап құмар жастарына ең үздік қазақ, шетел жазушыларының шығармаларын насихаттау, өскелең ұрпақтың классикалық, қазіргі заманауи әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастырып, жетілдіру болып табылады.

Жалпы, бұл байқау биыл тәжірибе ретінде жүзеге асырылып отыр. Егер жоба нәтижесі оқушылар үшін тиімді болса, келер жылдан бастап қаламен ғана шектелмей, облыстық деңгейде өткізілуі мүмкін.

Осы орайда, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор – Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова брифинг өткізіп, тың бастаманың мән-маңызы туралы әңгімеледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау шарты екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі қаланың мектептерінде өткізілсе, екінші кезеңде әр мектептерден іріктелген оқушылар қалалық байқауға қатысады. Жарысқа ұсынылатын әдебиеттерді ұйымдастырушылар мен ақылдастар алқасы іріктеп, 100 кітап таңдап алынған. Қатысатын 5-7 сынып оқушыларына 15, 8-11 сынып оқушыларына 20 кітаптан артық оқу міндеттеледі. Аталмыш байқау жарияланған күннен бастап оқырман қатысушыларға бес ай уақыт беріледі. Сондай-ақ дайындық кезеңінде байқауды өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен плакаттар, кітап туралы буклеттер шығарылады.

«Jambyl-Taraz» газетінің директор – Бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидың айтуынша, жас буын өкілдері үшін бұл үлкен мүмкіндік. «Бүгінгі оңушы – ертеңгі ұлт келешегі. Сайысқа белгіленген қомақты жүлде қоры оқушыларға үлкен мотивация болмақ. Осы арқылы біз өз өңірімізде кітап оқу үрдісін сәнге айналдыруды көздеп отырмыз. «Jambyl-Taraz» газеті қала халқының сенімді үнпарағы ретінде бес ай бойы байқаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалап, нәтижесін бұқарамен бөлісетін болады», - дейді ол.

Айта кету керек, байқаудың жүлде қоры – 3 миллион теңге. Бас демеуші – Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Мұқаш Ескендіров.

Жас буынды қызықтара отырып білімге баулитын байқаудың қорытындысы келер жылғы 22-мамырда жарияланатын болады.

 

Боранбек Е. Мектептегі миллионерлер [Мәтін] / Е. Боранбек // Арай.- 2018.-06 желтоқсан (№49).- 1-2 б.