Елбасы өмірі үлгі етілді

 

Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Ел ертеңін ойлаған Елбасы» атты әңгіме-информ ұйымдастырылды.

 

Шараға №54 орта мектептің 7-сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты. жиынға кітапхананың абонемент секторының меңгерушісі Бақыткүл Ауғанбаева Елбасы туралы хабарлама жасап, оның балалық, жасөспірім, жастық шақтарына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының кемел кезеңдерінен мәліметтер келтіріп, атқарған жұмыстары туралы баяндады.

 

Елбасының ел үшін атқарған еңбектері ұшан-теңіз екені баршамызға аян. Оның есімі әлемдік аренада Қазақстанмен бірге аталады. Назарбаев Қазақстанның ең жоғары ерекшелік белгісі – ерекше үлгідегі «Алтын Қыран» орденімен, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың жоғары наградаларымен марапатталған. Әлмемдік сарапшылардың мойындауынша, Қазақстандағы Назарбаев пен оның пікірлестері жүргізіп келе жатқан өзгерістер ХХ ғасыр соңында пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттер тарихындағы ең табыстылардың бірі болып есептеледі, - деді Б.Ауғанбаева.

Мұнан соң абонемент секторының кітапханашысы Анар Сүгірбаева ҚР Президенті туралы кітап көрмесімен таныстырды. Онда Елбасының өзі жазған кітаптары, ой-пікірлері, сыныптастары туралы жазған еңбектері топтастырылған. Сонымен қатар шетел президенттерінің оған құттықтаулары, мақалалары мен таңдамалы шығармалары да орын тепкен.

Шарада оқушылар қазақ халқының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы, туып өскен, оқып білім алған, қызмет еткен жерлері туралы мол мағлұмат алды. Жиын Елбасы туралы «Вспомним все» атты деректі фильмді тамашалаумен қорытындыланды.

 

Төрен С. Елбасы өмірі үлгі етілді [Мәтін] / С. Төрен // Жамбыл-Тараз.-

2017.- 06 желтоқсан (№49).- 6 б.