Сейсенбі күні «Достық» үйінде белгілі ақын, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Ескен Елубаевтың дүние есігін ашқанына 75 жыл толуына орай облыстық «Ескен Елубаев оқулары» өтті. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараға Тараз қаласы мен аудандардан әдебиетке жаны құштар 23 үміткер қатысып, бақ сынасты.

           Шараның ашылу салтанатында сөз алған «Ол-Жас» баспасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, республикалық «Балалар кітабы» қоғамдық қорының Президенті Қанат Қайым балалар әдебиетінің бағбанындай болған ақынның өмірі мен шығармашылығына, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталды.

         Жалпы, байқауға қатысушы 7 мен 10 жасқа дейінгі және 10 мен 15 жас аралығындағы жас оқырмандар төрт кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» кезеңінде үміткерлер өзін-өзі таныстырса, екінші кезеңде ақынның өлеңдерін оқып, сахналық қойылымдар қойды. Сондай-ақ, байқаудың «Портрет галереясы» және «Әдеби бәйге» кезеңдерінде Ескен Елубаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап берді.

         Сайыс қортындысында қазылар алқасының шешімімен 7-10 жас аралығындағы үміткерлер арасында бас жүлдені Тараз қаласындағы №21 орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрдәулет Қайрат еншілесе, №39 мектеп-гимназияның 3-сынып оқушысы Әли Ғаниұлы жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, Сарысулық Елдос Тыныштықбай мен №23 орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрым Момын екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

         Ал, 10-15 жас аралығындағы сайыскерлер арасында Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының №1 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұргерім Нұлан үздік деп танылды. Байзақ ауданының атынан сынға түскен Жұлдызай Жанатбекқызы бірінші орынға қол жеткізсе, Жамбыл ауданының үкілеп қосқан үміткері Ұлдана Шеңгелбаева екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Меркі ауданы Ақарал орта мектебінің 7-сынып оқушысы Ерхан Секен жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлердің барлығы арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

Нұрханов Т. Балалар әдебиеті бағбаны атындағы байқау [Мәтін] / Т. Нұрханов. // Арай.- 2017.- 8 маусым (№22).- 17 б.