Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты» – деген еді.

  Бұл – білімді ұрпақ тәрбиелей отырып, дәстүрімізді, халықтың тұрмыс-салтын, мәдениетін, әдет-ғұрпымызды, рухани болмысымызды дамытамыз дегені. Ал кітапхана– білімді дамытудағы көшбасшы. Кітапханашылардың басты міндеті оқырмандардың сұранысы бойынша әдебиеттермен толық қамтамасыз ету, олардың назарын кітап оқуға аудара отырып, оқырман санын арттыру, оқырманның уақытын тиімді, ұтымды ұйымдастыру, пайдалану болып табылады.

Кітап – адам баласының ақыл-ойынан туған байлықты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім және тәрбие беретін құрал. Кітап – рухани құндылық, теңдессіз байлық. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де оқырман кітапханадан алады. Кітапхана – оқырманмен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Сондықтан ел болашағы бүгінгі жастарды кітап оқуға ынталандыру керек. Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңын және «Кітапхана ісі туралы» Ережені басшылыққа ала отырып, кітапты насихаттауда және кітапханаға оқырман тартуда көптеген жұмыстар жүргізілуде, яғни мәдени күнтізбелік қамтылған жоспарға сәйкес кітапты насихаттай отырып, мәдени шаралар ұйымдастырып өткізуде. Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да өзіндік даму тарихы бар мәдени ошақтардың бірі. Кітапханада 110 мыңға жуық кітап қоры бар. Соның ішінде 35 мыңға жуық данасы мемлекеттік тілде және 58 мыңнан астамы көркем әдебиет. Жаңа әдебиеттер, әдістемелік нұсқаулар, электрондық оқулықтар да бар. Кітап қоры сұранысқа сай жаңа кітаптармен толықтырылып тұрады. Мерзімдік басылымдар қорды толықтырудың негізгі қайнар көзі болып табылатындықтан, республикалық, облыстық газеттер мен журналдарды жаздырып аламыз. Бала тәрбиесі жолында өзгелермен қатар, кітапханашылар қауымының қосқан үлесі мейлінше зор деуге толық негіз бар.

Адамзаттың тағы бір қол жеткізген үлкен табыстарының бірі – ақпарат. Бірақ оны шектен тыс ашық қолдана берсе, жастар санасын улауы әбден мүмкін. Сондықтан оқырманның оқу дағдысын қалыптастыруға ақпаратқа қол жеткізуге, оның ішінде өзіне қажетті материалды іріктеп алуға үйрету, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру басты мәселелердің бірі.

Кітапхана жүйесін дамытудың келешектегі бағыты – жаңа технологиялар мен бағдарламаларды енгізу. Бұл кітапханалық үдерістерді автоматтандыру, электрондық мәліметтер қорын жасау, желілік ресурстарды пайдалану болып табылады. Сонымен қатар бүгінде біздің кітапхананың алдында тұрған міндет – кітапхана жұмысын автоматтандыру. Кітапхана компьютерінде арнайы 

«РАБИС» автоматтандырылған кітапханалық бағдарлама жұмыс жасайды. Қазіргі таңда кітапхана қоры «Каталогизатор» деректер базасына барлық сала әдебиеттері енгізілу жұмыстары аяқталуға жақын. Алайда кітапты ақпарат құралы алмастыра алмайтындығын, кітаптың адамзат дамуында алатын орны жоғары екенін үнемі оқырмандар санасына жеткізіп отыру кітапханашының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Кітапханада ата-анамен де тығыз байланыс орнатылған. Ата-ана баласының кітапхана оқырманы екенін, баласының қандай ертегі, қандай көркем әдебиет оқып жүргенінен хабардар болу керек. Осы мақсатта кітапханада «Отбасылық оқу кітапханасы» жобасының аясында бірнеше жұмыстар атқарылды. «Отан отбасынан басталады» интеллектуалды ойыны, «Отбасы – Отанымыздың ошағы» кішкентай бүлдіршіндерге ойын-сауық демалыс кеші ұйымдастырылып өткізілді.

Соңғы жылдарда кітапхана балаларға арналған ертегілер, әңгімелер, энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалар, «Қазақ мәдениеті», «Сұрақ-жауап», «Ежелгі Қазақстан», сонымен қатар дыбысты, 3Д, панорамалық, пазылдық, аудио кітаптар сияқты жаңа кітаптармен толыға түсуде. Жаңа түскен кітаптарды насихаттап, кітап көрмесі, ұсыныс тізімі, библиографиялық шолу ұйымдастырылады. Оқырмандарды қызықтыру үшін іс-шаралар өткізіледі. Қазір оқырмандар бұрынғыға қарағанда кітапханаға көп келеді. Себебі жаңа, қызықты кітаптар көп. Бұл баланы қызықтыратыны сөзсіз. Кітапханашы үйретуші ұстаз іспетті. Демек, көркем әдебиет арқылы оқушылардың рухани дүниесі байып, халық өсиеттерінен нәр алып, кітапқа деген ынтасы артады. Сондықтан оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кітапханашылардың да үлесі бар. Кітапхана қоғамның құрамдас бөлігі және кітапханашыларға артылар жүк те салмақты.

 Жанат АЙТЖАНОВА, Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары.

 Айтжанова Ж. Кітап және оқырман [Мәтін] / Ж. Айтжанова. // Жамбыл-Тараз.- 2017.- 31 мамыр (№22).- 20 б.