Биыл ерте заманда Ұлы Жібек жолы торабында ірі сауда орталығы болған, ал бүгінгі күні Республикамызда өзіндік келбеті мен тарихи орны бар құт мекен – Жамбыл облысына – 75 жыл.

Жамбыл облысы – қазақтың кең байтақ даласындағы басын ақ қырау шалған айбынды Талас, Қырғыз Алатауы мен қойнауы мыңыраған малға, жайқалған егінге толы Қаратау бөктерінде орын тепкен өлке. Ғасырдан-ғасырға жалғасын тапқан шежірелі тарихын аса құрметпен бағалап, маржандай тізіп, зерттеп-зерделеп оны халықына жеткізіп отырған бүгінгі Жамбыл облысының экономикасы, саяси-мәдени өмірі индустриалды-инновациялық бағдарламаны, «Қазақстан-2030» стратегиясы мен жол картасындағы маңызды бағыттарды жүзеге асырып, қарқынды дамып келе жатқан мекен. Бүгінде серпінді жобаларды іске асырып, өркендеп атқарғанынан атқаратын көп іске адымдай басқан Жамбыл облысы 75 жылда түрлі саяси-экономикалық, тарихи-рухани белестерден өтті.