Оқ пен оттан оралғандар


           Жауынгерлік әңгімелер мен дастан-жырлар кітабының авторы ақын, журналист Мүтәліп Ережепбаев. Автордың бұған дейін «Ата қоныс», «Өлеңім өмірім», «Аңызға айналған ақиқат», «Жамбыл жолы» атты кітаптары оқырмандарының ой-көңілінен шығып, жылы ілтипатқа да ие болған. Қаламгердің бұл кітабы «Оқ пен оттан оралғандар» деп аталады. Жинақта, халқымыздың ардақ тұтар азаматы, әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы туралы және еңбегімен елге танылған ұлы тұлғалар жайлы естеліктер берілген.

Батыр Бауыржанмен естен кетпес алғашқы кездесу 1960 жылдың наурыз айында болды. Оны тұңғыш рет көрудің реті келді... Күні бүгінгідей көз алдымда, ал оның «гүр» еткен зор дауысы әлі күнге құлағымда. Ер Баукеңмен кездескендегі сол бір сөзін мен ұмыта алмадым. «Сен өзің Жуалыда болып көріп пең? Жуалының сұлулығын барып көрмесең, оны өлеңге қалай қосарсың?!» деп қалды ол маған Сарыағаш курортында. Мен жым болғам. «Мөлдір» деген өлеңімді Бауыржан батырдың алдында оқып нем бар еді?..Кейін, Баукең дүниеден өткесін Жуалыға жолым түсті – деп бастапқы жинақтың авторы, ҰОС және еңбек ардагері М. Ережепбайұлы.

«Бір білетінім –ештеңе білмейтінім» дейді әйгілі философ Сократ. Бұл тұрғыда қарт жазушы да «менің бұрыннан білемін деп жүргенім батырдың 1929 жылдан былайғы өмір деректері ғана екен» деп, №3 Көлбастау ауылында дүниеге келген Баукеңнің Шымкент қаласындағы Сыпатаев атындағы жеті жылдық мектебінде (1923ж) және 1926 жылы сол оңтүстік шаһарындағы алты айлық финанс қызметкерлері курсында, Аса интернатында оқығандығы сынды батырдың өмір дерегінен сыр шертеді.

«Ұлтымыздың ұлы қаһарман қолбасшысы Бауыржан Момышұлы. Мұрағат ақиқаттары», «Ұлы Отан соғысының жауынгерлері туралы өлеңдер мен әңгімелер» және автордың өз өлең жырлары, әр кездері жарық көріп отырған мақалалары мен ой толғауларын қосқанда үш бөлімнен тұратын жинақ, өскелең ұрпақтың танымын кеңейтуге үлесі бар тәрбие құралы деуге әбден лайық. Соғыстың ауыры-жеңілі жоқ. Барлық адамзат баласына татулық пен бейбітшіліктің бағасын сездірген сұрапыл соғыстың қасіреті әлі күнге елдің есінде.

Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қарт қаламгердің аталмыш кітабының тұсау кесу рәсімінің басты қонақтары да мектеп оқушылары болды. Кітапхана директорының орынбасары Жанат Айтжанова шараны ашып беріп, кітаптың тұсауын кесті. Оқырмандар арасынан суырылып шығып, Мүтәліп қарияға өзінің арнау өлеңін оқыған №10 орта мектептің 7 сынып оқушысы Әшім Іргебаев, қаламгердің ақ батасын алды. Автордың естелігін тыңдап болған соң, кітапхана ұжымы авторға сый-сияпат жасап, оған ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыстар тіледі.

 

      Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ

Жамбыл-Тараз.-2015.-27 мамыр (№22).-13 б.