Торайғыровты таңдады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «100 кітап» жобасы аясында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Бір кітапты бір мезгілде оқу» акциясы өтті. Тараз қаласындағы Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған шара барысында талқылауға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы таңдалды.

 

Әдеби шараға Тараз қаласындағы мектептердің әдебиет пен тіл мамандары, белсенді оқушылары қатысып, шығарма төңірегінде пікір білдірді. Сонымен қатар аталған кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің аға оқытушысы Меңдібай Әбіловтар қазақ әдебиетінде айтулы орны бар шығарма төңірегінде ой бөлісті. Ақынның «Адасқан өмір», «Кедей» шығармалары жөнінде де бірқатар пікірлер айтылды.

Шара барысында тіл маманы Жұмағали Маханбетов «Қамар сұлу» романындағы кейіпкерлер даралығына байланысты ойын айтса, Әнел Алтынбекова, Әйгерім Райысова сынды мектеп оқушылары шығармадан үзінділер оқыды. ХХ ғасыр басындағы қазақ даласындағы әйел теңсіздігін, әділетсіздікті арқау еткен шығармадағы Ахмет пен Қамар бейнесі көпшілікті бейжай қалдырмады. Екі жастың арасындағы іңкәр сезім арқылы өрілген шығарма шындығы жайлы да көпшілікке мәлімет берілді.

 

Есаман Х. Торайғыровты таңдады [Мәтін] / Х. Есаман // Егемен Қазақстан.- 2017.- 25 желтоқсан (№246).- 11 б.