Білімдіге дүние жарық

 

«100 кітап» акциясы аясында С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романының желісі талқыланды

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру барысында «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «100 кітап» жобасы аясында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәжіліс залында «Бір кітапты бір мезгілде оқу» акциясы өткізілді.

 

Акция барысындағы талдауға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы таңдалып алыныпты. Шараға Тараз қаласындағы мектептердің тіл мамандары және белсенді оқушылары қатысты. Шараны аталған кітапхананың директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова ашып, Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының маңызына тоқталып, акция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан соң Тараз инновациялық-гуманитарлық университегінің аға оқытушысы Меңдібай Әбілұлы «Қамар сұлуды» жазған қаламгердің өмір жолына, шығармашылығына тоқталып, С.Торайғыровтың «Кедей», «Адасқан өмір», «Айтыс» поэмалары жайлы да айтып өтті. «С.Торайғыровтың еңбектерін кезінде белгілі қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Дихан Әбілевтер жоғары бағалады», - деді ол. Сондай-ак кітапханашы Мая Әзімқұлова да сөз алып, «Қамар сұлу» романының қазақ әдебиетіндегі құнды шығарма екеніне тоқталып, автордың жазу үлгісіндегі өзіндік соқпақтарын сөз етті.

Бұдан кейін тіл маманы Жұмағали Маханбетов өз ойын білдірді. Соңынан Әнел Алтынбекова, Әйгерім Райсова бастаған мектеп оқушылары «Қамар сұлу» романынан үзінділер оқып берді. Мұнан соң оқушыларға сұрақ қою арқылы аталған роман желісі туралы ойлар қаузалды. Бұл ретте оқушылардың белсенділігін айта кеткеніміз жөн.

Акцияны аталған кітапхананың директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова қортындылап оқушыларды жан азығы кітаппен дос болуға шақырып, қатысушыларға шынайы алғысын білдірді.

 

Досалы Е. Білімдіге дүние жарық [Мәтін] / Е. Досалы // Ақ жол.- 2017.-12 желтоқсан (№140).- 6 б.