Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне толық көшетінімізді атап көрсетті. Бұл бастама қазақстандықтарды ұлттық бірегейлікті нығайтуға шақыратынын, 30 дамыған елдің қатарына енуге, бағдарламалық құжатта айтылған рухани байлықты сақтауға септігін тигізетінін жұртшылыққа түсіндіру, латын әліпбиінің жан-жақты талқылануына атсалысу мақсатында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының

Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырды.

Тіл мамандары менжоғары оқу орындары білімгерлерінің қатысуымен «Латын әліпбиі. Жаңғыру жазудан басталады» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» отырысына Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қасиет Молғаждаров пен облыс әкімдігі Тілдерді оқыту орталығының маманы Алтын Абдрахманова латын әліпбиін тез үйренудің жолдарына қатысты баяндама жасады. Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі мен ұсынылған жаңа әліпби нұсқасы сөз болған басқосуда студент жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, қазаққа тән төл дыбыстарымыздың бұрмаланып кетуіне алаңдаған жастардың пікірталас барысындағы белсенділігі көңіл сүйсінтті.

Кітапхана тарапынан жүргізілген сауалнама қортындысы бойынша қатысушылардың 98 пайызы латын әліпбиіне көшуді қолдаса, көпшілігі әліпби нұсқасын таңдауда ағаттыққа жол бермеу керек деп санайтындарын білдірді.

 

Инкарбекова Г. Жаңа белес – жазудан басталады [Мәтін] / Г.Инкарбекова. // Арай.-2017.-26 қазан (№42).-3 б.