Кәсібін мақтан еткендер

 

Мамандық таңдау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Сондықтан әр адам мамандық таңдауда өзінің қызығушылығына, қабілеті мен бейімділігіне сүйенуі керек.

 Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Мамандығым – мақтанышым» атты мамандар күні өтті. Аталған шараға жоғары білікті маман, травматолог-ортопед Ардақ Рахимов, №13 балабақша тәрбиешісі Гүлжан Сейіткерімова, «Асқар» сұлулық салонының шаштаразшысы Алимаш Сұлтанбекова және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

 

Шараны кітапхананың ақпараттық-библиографиялық сектор меңгерушісі Гүлсім Мамырова жүргізіп, мамандық сөзіне анықтама беріп, келген қонақтар мен оқырмандарға әлемдегі қызықты әрі ерекше мамандықтар туралы айтты. Сондай-ақ №23 орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрым Қайратұлы Қадыр Мырзалиевтің «Кім болмақшы?» өлеңін жатқа оқыса, №10 орта мектеп оқушысы Әшім Іргебай «Туған жер» әнін шырқады. Мұнан кейін қонақтарға сөз беріліп, өз мамандықтарының қызығы мен қиыншылығына тоқталды. №13 балабақша тәрбиешісі Гүлжан Сейіткерімова тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы балаларды тәрбиелеу жолын таңдағандығын мақтан етеді. «Адам баласының бір бақыты – өзі таңдаған мамандығын сүюі. Мен тәрбиешімін. Таңертең жұмысқа келіп, бүлдіршіндердің күлімдеген көзін, сүйкімді жүзін көргенде ерекше қуанамын. Менің мақсатым – кішкентай балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру»– дейді Гүлжан Асылханқызы. Ал «Асқар» сұлулық салонының шаштаразшысы Алимаш Сұлтанбекова 15 жылдан бері осы сала бойынша еңбек етіп келе жатқандығын және өз жұмысынан шабыттанатындығын жеткізді. Травматолог-ортопед Ардақ Рахимов болса, мамандық таңдауда ата-ана мен ұстаздар тарапынан бағыт-бағдар берілгені дұрыс деп есептейді.

– Мен бала кезімде ұшқыш, мұғалім, инженер боламын деп армандайтынмын. Мектеп бітіріп, мамандық таңдар кез жеткенде, ата-анамның ақылымен медицина саласын таңдадым. Сөйтіп, Семей медициналық университетіне түсіп, білім алып шықтым. Бүгінде бұл салада еңбек еткеніме 25 жыл толыпты. Жалпы осы жылдар ішінде көптеген оталар жасап, тәжірибелі маман ретінде қалыптастым деп айта аламын. Мен осы бағытты таңдағаныма еш өкінбеймін, керісінше, мамандық таңдауда қателеспегеніме бақыттымын, – деген Ардақ Қадырханұлы оқушылардың қойған түрлі сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған әртүрлі мамандықтарға байланысты ситуациялық сұрақтар мен қызықты ойындарға оқушылар белсенді қатысып отырды.

 

Нұрман А. Кәсібін мақтан еткендер [Мәтін] /А. Нұрман. // Жамбыл-Тараз.- 2017.- 17 мамыр (№20).- 12 б.